DAR RAIL

ALT көлік колледжінде DAR Rail оқу кабинеті ашылды

ALT көлік колледжінде DAR Rail оқу кабинеті ашылды

2026 жылғы 4 маусымда Астана қаласындағы М. Тынышпаев атындағы ALT көлік колледжінде «DAR Rail» ЖШС оқу кабинетінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа кабинет Қазақстанның теміржол саласы, тасымал үдерісін ұйымдастыру, саладағы түйткілді мәселелер және тасымал үдерісінің цифрлық жаңғыруы туралы көрнекі материалдармен жабдықталған заманауи оқу кеңістігі ретінде жасақталған.

Ашылу рәсіміне «DAR Rail» ЖШС операциялық қызмет жөніндегі директоры Асхат Тусупканов, компанияның бас талдаушысы Мұрат Бекмағамбетов, колледж директоры Әлішер Жұмаділдин, сондай-ақ Астана қаласының Білім басқармасы мен «Talap» КЕАҚ өкілдері қатысты. Компания басшылығына қолданбалы білім беру ортасын дамытуға қосқан үлесі және теміржол саласының болашақ мамандарын даярлауға көрсеткен қолдауы үшін алғыс хаттар табысталды.

Ашылу рәсімінде айтылғандай, кабинет компанияны таныстыратын орын емес, студенттерге пайдалы әрі мазмұнды оқу алаңы ретінде құрылған. Сондықтан ол жарнамалық материалдармен емес, саланың құрылымын және қазір оқу материалдарында қамтылмаған маңызды практикалық мәліметтерді түсіндіретін көрнекі стендтермен безендірілген.

Кабинеттегі жеке блок Қазақстан Республикасы теміржол саласының институционалдық құрылымына арналған. Оны әзілдеп «Қазақстан теміржол саласының шежіресі» деп атап кеткен. Мұнда мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, жеке тасымалдаушылар, локомотив тартымын қамтамасыз ететін операторлар, жүк вагондарының иелері мен операторлары, логистикалық терминалдар, жөндеу кәсіпорындары және техника өндірушілері көрсетілген. Бұл көрнекі карта студенттерге теміржол саласын өзара байланысқан көптеген қатысушысы бар тұтас жүйе ретінде көруге көмектеседі.

Бұл материал студенттерге Қазақстандағы теміржол қызметтері нарығының қалай құрылғанын және саладағы негізгі ұйымдардың рөлін нақтырақ түсінуге көмектеседі.

Жеке стендте «DAR Rail» ЖШС мысалында өз локомотивтерімен тасымал ұйымдастырғанда тараптардың қалай бірлесе жұмыс істейтіні түсіндірілген. Онда тасымал үдерісіне қатысушылар, іс-қимыл реті, ақпарат пен материалдық ағындардың қозғалысы, сондай-ақ бұл қызметті реттейтін нормативтік құқықтық база егжей-тегжейлі көрсетілген. Мұндай сызбалар студенттерге тасымалдаушы жұмысының өтінім берілген сәттен бастап пойыз қозғалғанға дейінгі практикалық үдерісін түсінуге көмектеседі.

Кабинетте жүк жеткізу мерзіміне әсер ететін факторларға арналған жеке блок бар. Онда белгіленген жеткізу мерзімінің сақталуы бірнеше факторға тәуелді екені көрсетілген: тасымал үдерісін ұйымдастыру, жылжымалы құрамның жағдайы, тарту ресурстарымен қамтамасыз етілуі, инфрақұрылым кешенінің жұмысы, жүк алушының вагондарды түсіру мүмкіндігі, сыртқы ортаның ықпалы, сондай-ақ IT-инфрақұрылым мен адами капиталдың даму деңгейі. Бұл студенттерге тасымал үдерісін және оның нәтижесіне әсер ететін себептерді біртұтас жүйе ретінде түсінуге мүмкіндік береді.

Кабинетте цифрландыруға ерекше көңіл бөлінген. Бірнеше стендте DAR Rail компаниясының өз IT-жүйелері негізіндегі цифрлық шешімдері таныстырылған. Олардың қатарында тасымалды басқарудың автоматтандырылған жүйесі (АСУП), цифрлық диспетчерлік басқару, GPS-мониторинг, машинист маршруты, локомотивтің электрондық паспорты, BI/BO аналитикасы, бейнебақылау және бейнені ЖИ көмегімен өңдеу, «қызметкер — компания» мобильді цифрлық ортасы, сондай-ақ бизнес үдерістерге арналған ЖИ көмекшілері тұжырымдамасы бар. Жеке стенд деректерді талдау, техникалық қызмет көрсету мерзімін алдын ала болжау, оқиғаларды автоматты анықтау және үдерістерді роботтандыру мүмкіндіктері бар цифрлық экожүйе ретіндегі «болашақ теміржолдың» бейнесіне арналған.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген компания өкілдері практика, технологиялар және салалық шешімдер дамыған сайын кабинеттегі материалдар да жаңартылатынын айтты. Көрсетілген материалдардың бір бөлігі компания күнделікті жұмысында қолданып жүрген, соның ішінде өзі әзірлеген әрі қолданысқа енгізген цифрлық құралдарды таныстырады.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі — дуальды оқытуды дамыту. Бұған дейін компания мен колледж арасында тиісті шарт жасалған. DAR Rail мамандары студенттерді даярлауға қатысып, оларға практикалық білім мен өндірістік тәжірибе беріп жүр. Жаңа кабинет білім беру мен теміржолдағы нақты өндірістік тәжірибені байланыстыратын ортаға айналады.

М. Тынышпаев атындағы ALT Астана көлік колледжінде DAR Rail кабинетінің ашылуы бизнестің маман даярлауға нақты іспен қалай атсалыса алатынын көрсетті. Мұнда саладағы нақты материалдар, тәжірибеге негізделген сызбалар және болашақ мамандар кәсіби жұмысында кездесетін қолданыстағы шешімдер ұсынылған.