DAR RAIL

Тобыл өңірлік бөлімшесінің қысқы кезеңге дайындығы тексерілді

Тобыл өңірлік бөлімшесінің қысқы кезеңге дайындығы тексерілді

DAR Rail өндірістік бөлімшелерінде алдағы қысқы кезеңге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның аясында компанияның операциялық қызмет жөніндегі директоры Түсіпқанов Асхат Асылханұлы Тобыл стансасындағы өңірлік бөлімшеге барып, өндірістік нысандар мен локомотив паркінің дайындығын тексерді.

Сапар барысында өндірістік және қойма үй-жайлары, локомотивтер тұратын жолдар мен локомотив паркінің жағдайы қаралды. Қыс мезгілінде бригадалардың қауіпсіз әрі қолайлы жұмыс істеуі үшін машинист кабиналарын жылытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Терезелер мен есіктердің жылу ұстауы, электр пештері, әйнек тазалағыштар, алдыңғы әйнекті үрлеу және жылыту жүйелерінің жұмысы тексерілуде.

Қысқа дайындықтың тағы бір маңызды бағыты – қызметкерлерді оқыту. Биыл компанияда машинист көмекшісі болып еңбек еткен 15 қызметкер арнайы оқу орталықтарында даярлықтан өтіп, машинист ретінде жұмысқа кірісті. Сонымен қатар 25-ке жуық жас машинист көмекшісі жұмысқа қабылданды.

Еңбек жолындағы алғашқы қысын қарсы алатын мамандарға ерекше назар аударылып отыр. Машинист-нұсқаушылар мен командалық-нұсқаушылық құрам оларға қыс жағдайында жұмыс істеудің ерекшеліктерін үйретіп, тәжірибелік даярлығын пысықтауда.

Қысқы кезеңге дайындық тек Тобылмен шектелмейді. Осы аптада DAR Rail бас директоры Шарсеитов Азамат Қуанышбайұлы Павлодар өңірлік бөлімшесі мен Екібастұз учаскесіндегі дайындық барысымен танысты. Келесі аптада Асхат Асылханұлы Астана өңірлік бөлімшесін тексеруді жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Негізгі міндет – барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, қыс мезгілінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Ұжым қысқы кезеңге толық дайын болып, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмыла жұмыс істеп жатыр», — деді Асхат Асылханұлы.