23 тамызда Астанада еліміздің алдыңғы қатарлы локомотивтік мекемелерінің мамандары мен сала ардагерлері дәстүрлі кәсіби кездесуде бас қосты. Іс-шара Қазақстанның темір жолдары бойында жүк қозғалысын күн сайын қамтамасыз ететін адамдарды біріктірді.
Кездесуде үш маңызды бастама талқыланды:
🔸 «Нұсқаудан тыс» кітабының таныстырылымы — DAR Rail бастамасымен жарық көрген, нестандартты жағдайлар туралы нақты оқиғалар жинағы. Кітапқа компанияның машинистері мен қызметкерлерімен жүргізілген 25 сұхбат енгізілді. Нақты оқиғалар, шынайы дауыстар, кәсіби жады — мұның барлығы теміржолшылардың келесі буынына тәжірибе беруге арналған басылымның негізін қалады.
🔸 Біріккен қауымдастық құру ұсынысы — жүйелі тәжірибе алмасу және сала қауымдастығын шоғырландыру мақсатында Қазақстанның локомотив шаруашылығы өкілдерінің ортақ бірлестігін ұйымдастыру туралы ұсыныс.
🔸 Маманның беделін көтеру мәселелері: қатысушылар машинист мамандығының беделін арттыру және жастарды салаға тарту жолдарын талқылады. Мұндай кездесулер — сала ішіндегі диалогтың маңызды алаңы. DAR Rail оларды бүкіл саланың кәсіби мәдениетін дамытуға жасалған инвестиция ретінде қарастырады.