7 қазан күні Астанада Қазақстандағы теміржолшылар кәсіподақтарының 120 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шарада «DAR Rail» жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Серік Тастыбайұлы Дүйсенов пен компания машинисі Иван Ильдеряков марапатқа лайық деп танылды. Иван Ильдеряков — «DAR Rail» жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Орталық комитетінің мүшесі.

Кәсіподақ тарихы қазақ жерінде ХХ ғасырдың басында Орынбор – Ташкент магистралі бойындағы паровоз деполары мен шеберханаларда құрылған алғашқы ұйымдардан бастау алады. Перовск (қазіргі Қызылорда), Жосалы, Қазалы станцияларының теміржолшылары еңбек жағдайын жақсартуда, жалақы мен қауіпсіздік мәселелерінде ұсыныс айтып, құқықтарын бірлесе қорғап, салалық бірліктің берік іргетасын қалаған.
Кәсіподақ ұйымымыз жас болғанымен, оның жұмысы салалық, республикалық және өңірлік деңгейде танылып отыр. «DAR Rail» өкілдері Кәсіподақтар федерациясы, теміржолшылардың салалық бірлестіктері және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастыратын бастамаларға тұрақты түрде қатысады.

Әріптестеріміз үздік еңбегі үшін жүйелі түрде марапатталып келеді. Бұған дейін машинист Әділ Мұсаев Ақмола облысы бойынша «Еңбек жолы – 2025» байқауында «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясының жеңімпазы атанды. «DAR Rail» командасы Кәсіподақтар федерациясының салалық конкурстары мен жобаларына да белсенді қатысады.

Кәсіподақ — тек еңбек құқығын қорғау ғана емес, жауапкершілік, ынтымақ және еңбекке құрмет сияқты ортақ құндылықтар төңірегіне біріккен қауым. «Кәсіподақ әрдайым еңбек адамының жанынан табылып, өндірістік мақсат пен адами құндылықтың тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Барлық әріптестерге ауызбіршілігі, қолдауы және іске адалдығы үшін алғыс айтамын. Ұжымдарымыз бен отбасыларымызға денсаулық, береке және бірлік тілеймін», — деді «DAR Rail» жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Серік Тастыбайұлы Дүйсенов.