DAR RAIL

DAR Rail өкілдері «Өз ісінің шебері» байқауында алты жүлделі орынның төртеуін иеленді

DAR Rail өкілдері «Өз ісінің шебері» байқауында алты жүлделі орынның төртеуін иеленді

22–23 шілде күндері Шымкент қаласында үш теміржол компаниясының машинистері мен машинист көмекшілері арасындағы «Өз ісінің шебері» байқауының ақтық кезеңі өтті. Оған «ҚТЖ – Жүк тасымалы», DAR Rail және TTT Service компаниялары қатысты.

Байқауға локомотив бригадаларының 18 қызметкері қатысты. Әр компаниядан үш машинист пен үш машинист көмекшісі сынға түсті. Екі күн бойы қатысушылар кәсіби таныстырылым, зияткерлік сайыс және тәжірибелік кезең бойынша бақ сынады. Сындар олардың кәсіби білімін, жұмыс барысында шешім қабылдау қабілетін және локомотивті басқару дағдыларын бағалауға мүмкіндік берді.

Таныстырылым кезеңінде қатысушылар еңбек жолы, жинаған тәжірибесі және жұмыста кездескен маңызды жағдайлар туралы баяндады. Бұл кезеңде DAR Rail машинистері мен машинист көмекшілері барлық команда арасынан үздік нәтиже көрсетті.

Зияткерлік сайыста локомотивтің құрылысы мен пайдаланылуы, техникалық пайдалану қағидалары, қозғалыс қауіпсіздігі және локомотив бригадаларының жұмысына қатысты басқа да бағыттар бойынша сұрақтар қойылды.

Тәжірибелік кезең ВЛ80 электровозында өтті. Қатысушылар локомотивті жұмысқа дайындау, жабдықтардың техникалық жағдайын тексеру және нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын тапсырмаларды орындау бойынша шеберліктерін көрсетті.

Алты жүлделі орынның төртеуі – DAR Rail еншісінде

Байқау қорытындысында DAR Rail командасы алты жүлделі орынның төртеуін иеленді.

«Үздік машинист» аталымы бойынша:

🥈 II орын — Константин Старов, DAR Rail
🥉 III орын — Геннадий Березовский, DAR Rail

«Үздік машинист көмекшісі» аталымы бойынша:

🥈 II орын — Роман Лесников, DAR Rail
🥉 III орын — Даниял Бықодаров, DAR Rail

Екі аталым бойынша да бірінші орынды TTT Service өкілдері иеленді. Осылайша компания былтырғы байқаудағы көшбасшылығын сақтап қалды.

DAR Rail командасының мүшелері бұған дейін компания ішіндегі іріктеу кезеңінен өткен еді. Корпоративтік байқауда машинистер мен машинист көмекшілері кәсіби білімі мен тәжірибелік дағдыларын көрсетіп, өз еңбек тәжірибесін таныстырды. Соның қорытындысында Шымкенттегі компанияаралық ақтық кезеңде DAR Rail намысын қорғаған қызметкерлер анықталды.

Кәсіби байқау дәстүрі қайта жаңғырды

«Өз ісінің шебері» байқауының тарихы бұрыннан бар. Мұндай кәсіби жарыстар кезінде ҚТЖ жүйесінде локомотив бригадалары арасында өткізіліп келгенімен, шамамен 10–15 жыл бұрын тоқтап қалған еді.

Былтыр DAR Rail осы дәстүрді қайта жаңғыртуға бастамашы болып, ұзақ үзілістен кейін алғаш рет үш теміржол компаниясының өкілдерін бір алаңға жинады. Алғашқы компанияаралық байқау Астанада DAR Rail ұйымдастыруымен өтті.

Былтырғы байқауда TTT Service командасы жеңімпаз атанды. Биыл компания бастаманы жалғастырып, қатысушыларды Шымкентте қабылдады. Компаниялардың байқауды кезекпен ұйымдастыруы оны жыл сайынғы салалық дәстүрге айналдыруға мүмкіндік береді.

Байқау әртүрлі тасымалдаушылардың локомотив бригадаларына тәжірибе алмасып, мамандарды даярлау тәсілдерін салыстыруға, өндірістік жағдайларды талқылауға және кәсіби білімін сынға салуға мүмкіндік береді.

DAR Rail үшін байқау нәтижесі локомотив бригадаларын даярлау деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Алты жүлделі орынның төртеуін иеленген әріптестеріміз компания ішіндегі іріктеуден сүрінбей өтіп, компанияаралық кезеңде DAR Rail намысын лайықты қорғады.

Константин Старов, Геннадий Березовский, Роман Лесников және Даниял Бықодаровты жүлделі орындарымен құттықтаймыз! Барлық қатысушыға, ұйымдастырушылар мен сарапшыларға кәсібилігі және «Өз ісінің шебері» байқауын жалғастыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз.