Биыл жазда DAR Rail қызметкерлерінің балалары жазғы лагерьлерде демалып, уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізді. Тобыл және Павлодар өңірлік бөлімшелері, Екібастұз бен Ақсу учаскелері қызметкерлерінің балалары «Чайка» және «Жас Дәурен» лагерьлерінде демалды.
Қарағайлы орманның арасында, қаланың қарбаласынан алыс орналасқан лагерьлерде балалардың белсенді демалуына барлық жағдай жасалды. Күн сайын таңғы жаттығу, спорттық жарыстар, түрлі үйірмелер, театр қойылымдары, шеберлік сабақтары мен квесттер ұйымдастырылды.
Балалар сурет салу, робототехника және би үйірмелеріне қатысып, өнер сайыстары, шығармашылық кештер мен зияткерлік ойындарда бақ сынады. Сондай-ақ жорыққа шығып, тәлімгерлердің бақылауымен өзенге шомылып, кешкі алау басында ән айтып, жаңа достар тапты. Балалардың денсаулығын білікті медицина мамандары қадағалап отырды.
Демалыстан оралған балалар жаңа достары, жетістіктері мен қызықты сәттері туралы әсерлерімен бөлісті. Олардың көбі келесі жылы да лагерьге барғысы келетінін айтты.
Қазір Астана өңірлік бөлімшесі, Есіл және Жаңаауыл учаскелері қызметкерлерінің балалары Қатаркөл көлінің жағасындағы «Звездный Бурабай» жазғы лагерінде демалып жатыр. Оларға да қызықты демалыс, жақсы көңіл күй мен ұмытылмас әсер тілейміз.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – олардың денсаулығын нығайтып, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берумен қатар, қызметкерлеріміз үшін де маңызды қолдау.
«DAR RAIL жергілікті кәсіподағы» ҚБ ұжымы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін компания басшылығына алғыс білдіреді.