Қыс мезгілінде теміржол қозғалысының үздіксіз әрі қауіпсіз жүруі — машинистердің ғана емес, бүкіл өндірістік құрылымның үйлесімді жұмысына байланысты. Осы мақсатта DAR Rail компаниясы күзгі комиссиялық тексеру жұмыстарын толық аяқтады.
DAR Rail компаниясының операциялық директоры Асхат Түсіпқановтың айтуынша, күзгі тексеріс науқанына дейін алдын ала дайындық кезеңі өткізілген:
Алдымен тамыз айында алдын ала тексеріс жүргіздік, содан кейін негізгі күзгі комиссиялық қарауды бастадық. 31 қазанға дейін барлық жоспардағы локомотивтер уақытылы жөндеуге жіберілді. Анықталған кемшіліктер дер кезінде жойылды», — деді ол.
Күзгі комиссиялық тексеру «Қамқор Локомотив» мекемесімен бірлесе ұйымдастырылды. Тексеру барысында мамандар локомотивтердің техникалық жағдайын, тораптардың жұмысын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын мұқият қарап шықты.
DAR Rail локомотив қабылдаушысы Олжас Марденов жөндеу барысы жайлы бөлісті:
Мысалы, №589 локомотиві жоспарлы ТО-8 жөндеуге жіберілді. Бұл кезеңде локомотив толық бөлшектеліп, тозған бөлшектер ауыстырылады. Дөңгелек бандаждары жаңарып, кабина мен жүйелер қысқы маусымға бейімделеді. Машинистерге қолайлы жағдай жасау үшін кабиналарға қосымша жылу оқшаулағыштар орнатылады, аккумулятор батареяларының ревизиясы жүргізіледі», — дейді ол.
Асхат Түсіпқановтың айтуынша, компанияның барлық локомотивтері мен өндірістік нысандары қысқы кезеңге дайын:
Күзгі комиссияның қорытындысы бойынша барлық локомотивтер қысқы жұмыс режиміне толық дайын деп бағаланды. Сонымен қатар, локомотив бригадаларының тынығуына арналған демалыс үйлері де ретке келтірілді. Қазір олардың барлығы қысқы маусымға толық әзір», — деп атап өтті ол.