DAR Rail «Тобыл» өңірлік бөлімшесінің қысқы кезеңге дайындығын тексерді
DAR Rail компаниясының басшылығы қысқы кезеңге дайындық аясында «Тобыл» өңірлік бөлімшесіне жұмыс сапарын жасады.
Локомотив паркінің техникалық жағдайы, қызметкерлердің қысқы арнайы киіммен қамтамасыз етілуі, сонымен қатар кезекші аппарат пен локомотив бригадаларының суық жағдайда жұмыс жасауға дайындығы ерекше назарда болды. Машинистер мен машинист көмекшілерімен өткен кездесуде тоғыз айдың жұмыс қорытындылары талқыланып, жыл соңына дейінгі жоспарлар белгіленді. Машинист-нұсқаушылардың тоқсандық есебі қаралды: нұсқаушы құрамының үйлесімді жұмысы мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғары тәртіп деңгейі атап өтілді.
Сапар нәтижесінде бірқатар қызметкер DAR Rail кәсіподақ комитетінің алғыс хаттарымен марапатталды — Қазақстандағы теміржолшылар кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына орай. Бөлімше қысқы жағдайда жұмыс істеуге толық дайын деп танылды.