22 тамызда Астанада жүк тасымалдаушылар, локомотив өндірушілер, сервистік компаниялар, ғылыми орта өкілдері мен теміржол саласының ардагерлері қатысқан локомотив шаруашылығы мамандарының жыл сайынғы кездесуі өтті.
Былтыр салалық диалог алаңын DAR Rail ұйымдастырса, биыл эстафетаны «TTT Сервис» компаниясы қабылдады. Жыл сайынғы кездесу локомотивтерді пайдалану, мамандар даярлау, қозғалыс қауіпсіздігі және саланың технологиялық дамуына қатысты мәселелерді тікелей талқылайтын тұрақты кәсіби алаңға айналып келеді.
DAR Rail атынан операциялық қызмет және пайдалану жөніндегі менеджер Дмитрий Бюрюков «Локомотив шаруашылығын дамыту және өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар» тақырыбында баяндама жасады. Ол компанияның соңғы бір жылда жүзеге асырған жобаларын таныстырып, сала мамандарымен бірлесіп талқылауды қажет ететін бірқатар ұсынысты ортаға салды.
Негізгі тақырыптардың бірі өндірістік персоналмен жұмысты цифрландыру болды. Биыл DAR Rail ең алдымен жұмысы жол жүрумен байланысты қызметкерлерге арналған «Қызметкердің жеке кабинеті» мобильді қосымшасын сынақ режимінде іске қосты. Машинистер мен машинист көмекшілері смартфон арқылы жұмыс уақыты мен демалыс туралы мәліметтерді, есеп айырысу парақтарын, нормативтік құжаттарды, оқу мен медициналық тексеруге қатысты ақпаратты, өтініштер мен корпоративтік хабарламаларды көре алады.
«Біздің ұстанымымыз қарапайым: қызметкер ақпарат іздеп бөлімдерді араламауы керек, қажетті ақпарат оған қолжетімді болуы тиіс», – деді Дмитрий Бюрюков.
Алдағы уақытта қосымшаға білімді тексеру нәтижелері, оқу материалдары, қызметтік формулярлар және локомотив бригадалары мен әкімшілік қызметтердің өзара жұмысын жеңілдететін басқа да мүмкіндіктер қосу жоспарланып отыр.
Қатысушылар локомотивтерге орнатылған тұрақты бейнебақылау жүйесіне де ерекше қызығушылық танытты. Камералар локомотивтің бас және артқы бөліктеріне, соның ішінде екінші секциясына орнатылып, 180 градусқа дейінгі аумақты қамтиды. Бұл пойыз алдындағы жағдайды бақылауға, сапар барысын тіркеуге және ықтимал қауіпті жағдайларды кейін талдауға мүмкіндік береді.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» бас директоры Асан Ізтілеуұлы Үмбетов таныстырылған шешімдерге қызығушылық танытып, талқылауға белсенді қатысты. Бейнебақылау деректерін тиімді пайдалану, оларды автоматты түрде талдау және қозғалыс қауіпсіздігі саласында жасанды интеллект құралдарын қолдану мүмкіндіктері жөнінде пікір алмастық.
DAR Rail пойыз тартуға жұмсалатын электр энергиясын цифрлық есепке алу жобасын да таныстырды. Қазір өлшеу кешені бір электровозда сынақтан өтіп жатыр. Жоба нақты локомотив, сапар және учаске бойынша электр энергиясының нақты шығынын талдауға мүмкіндік бермек.
Кездесуде болашақ теміржолшыларды даярлау мәселесі де қозғалды. Биыл DAR Rail ALT Университетімен ынтымақтастықты жалғастырып, М.Тынышпаев атындағы Астана ALT көлік колледжінде арнайы оқу кабинетін ашты. Сонымен қатар компания 2025 жылы өзі бастамашы болған, биыл «TTT Сервис» ұйымдастырған «Өз ісінің шебері» салалық байқауын жыл сайын өткізуді жалғастыруды ұсынды.
Бұдан бөлек, машинистерді жалпы базалық даярлықтан кейін нақты локомотив сериясына бейімдеп оқыту, ТУ-152 қағаз журналын электронды форматқа көшіру, локомотив бригадаларының қызметтік формулярларын цифрландыру және локомотив паркін жаңарту кезінде отандық инженерлік құзыретті сақтау мәселелері ортаға салынды.
Қатысушылар Атбасар, Құсмұрын және басқа да теміржол тораптарындағы жөндеу және инженерлік орталықтарды сақтап, дамыту мәселесін де талқылады. DAR Rail жаңа сервистік үлгілерді енгізумен қатар, қазақстандық мамандарды даярлау, технологияларды игеру және отандық сервистік инфрақұрылымды дамыту маңызды деп санайды.
Мұндай кездесулер тасымалдаушыларға, техника өндірушілерге, сервистік және инфрақұрылымдық компанияларға тәжірибе алмасып, бір компанияның аясында шешу қиын мәселелерді бірлесе талқылауға мүмкіндік береді.
DAR Rail алдағы уақытта да өз тәжірибесімен бөлісіп, үдерістерді цифрландыруға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және теміржолшылардың кәсіби біліктілігін дамытуға бағытталған ұсыныстарын салалық талқылауға шығара береді.
